Биылғы қажылық сапары 15 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеді.
Таяу шығыстағы жағдайдың тынышталмауына байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы қажылық маусымын ұйымдастыруда қауіпсіздік мәселелеріне баса мән беріп отыр.
Басқарма өкілі, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Дүйсенбай Informburo порталының сұратым хатына берген жауабында Қазақстанның қажылық миссиясы кез келген төтенше жағдайда дипломатиялық корпуспен және Сауд Арабиясының жауапты мекемелерімен бірлесіп әрекет етудің нақты жоспарын бекіткенін хабарлады.
"Қажылардың амандығы – біз үшін ең басты мәселе. Бұл бағытта Сауд Арабиясының құзырлы органдарымен, дипломатиялық өкілдіктермен және әуе компанияларымен тығыз байланыстамыз. Қауіпсіздік шаралары мен ақпарат алмасу тетіктері толық пысықталған. Биыл қажыларымызды Air Astana, SCAT және саудиялық Flyadeal компаниялары тасымалдайды. Ұшақтар Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан Джидда мен Мәдинаға тікелей ұшады. Халықаралық талаптарға сай, әуе бағыттары қауіпсіздікке байланысты үнемі тексеріліп отырады. Қазіргі таңда таңдалған бағыттар – ең қауіпсіз дәліздер. Сондай-ақ, Қазақстанның қажылық миссиясы кез келген төтенше жағдайда дипломатиялық корпуспен және Сауд Арабиясының жауапты мекемелерімен бірлесіп әрекет етудің нақты жоспарын бекіткен", – деді Кенжеәлі қажы Дүйсенбай.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы қажылық миссиясын ұйымдастыруда тағы қандай қауіпсіздік шараларын қолға алғанын Информбюроның арнайы материалынан оқуға болады.
Оқи отырыңыз:
Қажылық – 2026: Таяу Шығыстағы жағдай қасиетті парызды өтеуге кедергі емес пе
Сауд Арабиясына ұмра қажылығы сапарлары уақытша тоқтатылды